Құқық

Екеудің өмірін қиған қылмыс

Тамыздың 19-ынан 20-сына қараған түні Ақтөбе қаласының Құрмыш ауданында Махамбет Өтемісұлы атындағы көшенің бойында оқ атылды. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз орталығы қанды оқиғаның кейіпкерлері — 9 жігіт түнгі көшенің бойында полиция қызметкерлерінің қолына түскенін хабарлады.

Баспасөз орталығының бастығы Алмат Иманғалиевтің айтуынша, бірі 19 жастағы, екіншісі 22 жастағы екі жігіт оққа ұшып, ауруханада көз жұмған. Ал суық қарудың әсерінен жарақат алған алтаудың жағдайы тек аурухана дәрігерлеріне ғана мәлім болып отыр.

Туған күн кешіне жиналған жастардың арасында туындаған түсініспеушіліктің салдары адам өліміне апарған қылмыстық оқиғаның орын алуына себепші болған.

Махамбет Өтемісұлы көшесінің бойындағы «Құттымұрат» дүкенінің қожайыны ұлының туған күніне және оның шетелге оқуға түскенінің құрметіне кеш ұйымдастырады. Осы кешке шақырылған баласының құрбы-құрдастары дастарқан басында туған дау-дамайды өзара шешу үшін көше бойына шығып кеткен. Бірақ бейбіт шешімге келе алмаған жастар бір-біріне қару сілтеп, қанды оқиғаға жол берген.

Суық қарудан зардап шеккен 6 адамның екеуі ауыр халде, қалғандарына медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылған деген мәлімет бар.

Қанды оқиғада көз жұмған екі жас жігіттің біреуі телеарна жүргізушісі, жастар арасында өтетін әртүрлі дебаттардың белсенді қатысушысы Омар Ибрагимов болып шықты.

— Полиция бөлімшесіне осы оқиға туралы хабарлаған адамдар түнгі сағат екілер шамасында қоңырау шалды. Сол бойда жедел тергеу тобы мен полиция наряды оқиға болған орынға аттандырылды. Біздің түсінуімізше, қонақ қарсы алған үй иелерінің ешқайсысы бұл оқиғада зардап шекпеген. Жігіттер дастарқан басында шыққан шатақты көше бойында жалғастырған. Сол бойда қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің жедел шара қолдануының арқасында 19 жастағы екі азамат ұсталды. Шатақ шыққан жерде болған олар, куәгерлердің айтуынша, үш рет оқ атқан. Қазір екеуі де уақытша ұстау изоляторында қолымен істегендерін мойындарына алып жатыр. Олар оқ атқан қару қазір полицияның қолында, ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы — «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр, — дейді облыстық ішкі істер департаменті баспасөз орталығының бастығы Алмат Иманғалиев.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button